Жаңалықтар

Қазақстан мен Еуроодақ бірлесіп минералды-шикізат базасын дамытуды кеңейтуде

2023 жылғы 25-26 қазан аралығында ҚР өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шарханұлы және «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ төрағасы Ерлан Ғалиев Брюссель қаласында (Бельгия) өткен Global Gateway форумына қатысты.

 Жасыл энергетика, білім беру және ғылыми зерттеулер, шикізаттың маңызды түрлері, көлік дәліздері, медициналық мақсаттағы бұйымдар өндірісі және цифрлық инфрақұрылымға арналған іс-шараны Еуропалық комиссияның президенті Урсула фон дер Ляйен ашты.

Сапар барысында қазақстандық делегация сирек кездесетін металдар мәселесіне арналған панельдік сессияға қатысып, тараптармен бірлескен ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Сондай-ақ Иран Шарханұлы мен Ерлан Ғалиев Еуропалық ұйымдардың басшыларымен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.

«Осы форум аясындағы сирек кездесетін металдарды дамыту тақырыбындағы сессия маңызды мәселелердің бірі болды. Сессия барысында біз еуропалық серіктестерге Қазақстанның шикізат ресурстарына қатысты әлеуетін таныстырдық. Кездесулерде Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы шикізат ресурстары, логистика саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері талқыланды», — деді вице-министр Иран Шарханұлы.

Форум барысында Global Gateway бағдарламасы аясында іске қосылған алғашқы 89 флагмандық жобаны іске асыру басталды.

Естеріңізге сала кетейік, «Global Gateway» форумында ЕО елдері мен серіктес елдердің, қаржы институттарының, оның ішінде Еуропалық инвестициялық банк пен Еуропалық Қайта Құру және даму банкінің 40-тан астам жоғары лауазымды өкілдері, сондай-ақ жеке сектор, азаматтық қоғам өкілдері жиналды.

 

Back to top button