
Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Геология комитеті және «Ұлттық геологиялық қызмет» акционерлік қоғамы көрнекті ғалым, техника ғылымдарының докторы, талантты геолог және өз ісіне адал маман, Қазақстанның мұнай-газ саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқан Герштанский Олег Сергеевичтің 2025 жылдың 1 наурызы күні өмірден озғанын қайғырып хабарлайды.
Олег Сергеевич 1973 жылы В.И. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтының Геофизика факультетіне оқуға түскен. Оның Каспий маңы қалдық аномалияларын карталау саласындағы зерттеулері болашақ ғылыми жетістіктердің негізін қалады.
Еңбек жолын Қазақстанның мұнай өндіру өнеркәсібі саласындағы ғылыми-зерттеу және жобалау институтында («КазНИПИнефть») геофизик-инженер болып бастаған Олег Сергеевич көп ұзамай өз саласында танымал сарапшыға айналды. 1992 жылы кандидаттық, ал 2005 жылы жоғары парафинді мұнайды өндіруді интенсификациялау тақырыбында докторлық диссертациясын қорғады. Оның зерттеулері нәтижесінде Қазақстанның көпқабатты кен орындарын игеруге арналған тиімді әдістер әзірленіп, енгізілді.
Олег Сергеевич қатарлы инженерден «Өзенмұнай» МГӨБ-тің бас геологына дейінгі жолды өтті, 1997 жылы «Мұнай және газ саласындағы ғылыми-зерттеу және жобалау институты» акционерлік қоғамының (НИПИнефтегаз) негізін қалаушылардың бірі болып, осы ұйымның бірінші бас директоры болып тағайындалды, Директорлар кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарды.
Олег Сергеевич тек ғылым мен өнеркәсіпке ғана емес, сондай-ақ жас мамандарды даярлауға да қосқан үлесі зор. Оның кеңестері студенттер мен жас ғалымдарды шабыттандырып, бағыт берді.
Қазақстанның геология және мұнай-газ саласы ғылымға және өз ісіне адал көрнекті маманнан айырылды. Оның еңбегі мен жетістіктері әріптестерінің және ізбасарларының жадында мәңгі қалатын болады.
Жақындары мен туыстарына шын жүректен көңіл айтамыз.
Back to top button