Қазақстан Италияда өткен халықаралық воркшопта өзінің минералдық ресурстарын таныстырды
2024 жылдың 29 қарашасында Флоренция қаласындағы Villa Medici қонақ үйінде Қазақстанның минералды ресурстары мен тау-кен өндірісіне арналған халықаралық воркшоп өтті. Іс-шараны Қазақстанның Италиядағы Елшілігі, Тосканадағы Қазақстанның Консулдығы және Тоскана геологтар қоры ұйымдастырды.
Қазақстанның атынан «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қадыр Өмірзақұлы Шабанбаев қатысып, еліміздің бай минералды ресурстары, олардың қазіргі игерілуі және даму перспективалары туралы баяндама жасады.
Өз баяндамасында Қадыр Шабанбаев мырза Қазақстанның уран өндіруде көшбасшы екенін, мұнайдың барланған қоры бойынша әлемде 12-орында тұрғанын және көмір өндіретін ірі елдердің алғашқы ондығына кіретінін атап өтті. Сонымен қатар, ол сирек және сирек кездесетін жер металдарының әлемдік экономика үшін стратегиялық маңыздылығына тоқталып, Қазақстанның бұл бағыттағы әлеуетін ерекше атап өтті.
Іс-шара екі елдің бизнес, ғылым және мемлекеттік өкілдерін тартып, ынтымақтастықтың келешегі мен серіктестік байланыстарды нығайтуға арналған маңызды алаңға айналды.
«Біз серіктестік пен тәжірибе алмасуға әрқашан ашықпыз. Мұндай өзара әрекеттестік тек Қазақстанның тау-кен секторын дамытуға ғана емес, сонымен қатар энергетикалық қауіпсіздік саласындағы жаһандық мәселелерді шешуге ықпал ететініне сенімдімін»,
— деп қорытындылады өз сөзін Қадыр Шабанбаев.
Іс-шара қатысушылар арасында бірлескен жобаларды талқылау және байланыстар алмасумен аяқталды.