ҰГҚ қызметкерлері Қытайдағы ШЫҰ халықаралық конференциясына қатысты
Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Айбек Ижанов ШЫҰ елдерінің Жер туралы ғылымдар және тау-кен өнеркәсібіне инвестициялар саласындағы ынтымақтастығының халықаралық конференциясына қатысу үшін Сиань қаласына (Қытай) барды. Конференция Қытай—ШЫҰ жер туралы ғылым саласындағы ынтымақтастық жөніндегі ғылыми—зерттеу орталығының 10 жылдығына арналды.
Конференция ШЫҰ елдерінің жетекші геологтарын, ғалымдары мен мамандарын жинады. Бірнеше күн бойы қатысушылар геологиялық зерттеудің, минералды ресурстарды болжау мен игерудің өзекті мәселелерін, сондай-ақ тау-кен өнеркәсібі саласындағы ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады.
Конференция аясында Қытай—ШЫҰ-ның Жер туралы ғылымдар, палеотетистің тектоникалық эволюциясы мен минералдануы саласындағы ынтымақтастық жөніндегі ғылыми—зерттеу орталығының жетістіктері мен келешегіне, Қазақстан мен Қытай арасындағы шекара маңындағы аймақта геологиялық зерттеулер мен минералдық ресурстарды болжау саласындағы ынтымақтастықтың келешегіне, сондай-ақ басқа да өзекті мәселелерге арналған жетекші мамандардың баяндамалары ұсынылды.
Қазақстандық геологтардың атынан Геология комитетінің басшысы Е. Е. Акбаров құттықтау сөз сөйлеп, Қазақстан мен Қытайдың геология саласындағы ынтымақтастығының маңыздылығын атап өтті.
Сианьдағы Халықаралық конференция ШЫҰ елдерінің Жер туралы ғылымдар мен тау-кен өнеркәсібі саласындағы ынтымақтастығын нығайту үшін маңызды оқиға болды. Қатысушылар өзекті мәселелерді талқылады, тәжірибе және білім алмасты, сондай-ақ бірлесіп жұмыс істеудің жаңа бағыттарын анықтады.
Айта кетейік, бұл бағытта Қазақстан мен Қытай 2004 жылдың мамыр айында құрылған Қазақстан—Қытай ынтымақтастық комитетінің Геология және жер қойнауын пайдалану жөніндегі кіші комитеті шеңберінде ынтымақтасады. Қазірдің өзінде 11 отырыс өтті. Қазақстан, Ресей, Қытай, Оңтүстік Корея, Моңғолия қатысқан Орталық Азия аумағындағы кен орындарының терең процестері мен металлогенезін зерттеу жобасы іске асырылды. Екі елдің геологтары арасында шекара маңындағы аумақтардың орындалған геологиялық карталарын байланыстыру жобасы талқылануда.
Осы жобаларды бірлесіп іске асыру Қазақстан аумағында бөлінетін өңірлік геологиялық құрылымдардың Орталық Азияның жаһандық геологиялық құрылымдарымен байланысын талдауға және пайдалы қазбаларды орналастырудың металлогендік заңдылықтары туралы жаңа ақпарат алуға мүмкіндік береді.