«Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ Басқарма Төрағасы Назарбаев Университетімен ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады
«Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ Басқармасының Төрағасы Ерлан Ғалиев Назарбаев Университетінің оқытушыларымен кездесу өткізіп, өзара ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Жоғары оқу орнынан Тау-кен ісі және Жер туралы ғылымдар мектебінің деканы Рэнди Хазлетт, Эмиль Байрамов, Милован Фустик, Бас ден Брок және Айдос Жанкеев келді.
«NU профессорларымен кездесу барысында біз минералды ресурстарды толықтыру бойынша тақырыптық топ құру перспективаларын, студенттер мен профессорлар тобының ҚР аумағындағы геохимиялық зерттеулерге қосатын үлесі, сондай-ақ, ҚР палинспастикалық картасын жасау мүмкіндігін қарастырдық. Бұл мәселелер университет пен «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ арасындағы болашақ ынтымақтастықтың негізін қалады», — деп атап өтті Басқарма Төрағасы Ерлан Ғалиев.
Тараптар сондай-ақ Micromine бағдарламасымен компьютерлік зертханаларда «ҰГҚ» қызметкерлерін оқыту мен аталған зертханаларды бірлесіп пайдалану мүмкіндігін қарастыруға келісті. Бұдан бөлек, Назарбаев Университеті студенттерінің «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ-да тағылымдамадан өту және далалық тәжірибе алу мүмкіндігі талқыланды.