«Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ мен «Micromine Орталық Азия» геология және білім саласындағы ынтымақтастық Меморандумын жасасты
«Ұлттық геологиялық қызмет» және «Micromine Орталық Азия» акционерлік қоғамы Геология және білім беру саласындағы әріптестік қатынастарды дамыту мақсатында өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды. Іс-шараға Геология комитетінің төрағасы Еран Ақбаров пен Micromine PTY LTD компаниясының коммерциялық директоры Нанкет Амбруаз Жан қатысты.
Меморандум геология саласы, тау-кен ісі, жобаларды басқару, бизнесті техникалық басқару, ақпараттық технологиялар және автоматтандыру процестерін қоса алғанда, білім және ғылым саласында өзара тиімді ынтымақтастықты орнатуға бағытталған. Меморандум аясында «Micromine Орталық Азия» ЖШС коммерциялық емес мақсатта пайдалану үшін Micromine Origin & Beyond тау-кен геологиялық ақпараттық жүйесінің 5 лицензиясын өтеусіз негізде 12 ай мерзімге береді. Сондай-ақ, «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ қызметкерлері үшін Micromine бағдарламалық қамтамасыз етуді өтеусіз негізде пайдалану бойынша оқыту жүргізеді.
«Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ Басқарма төрағасы Ерлан Ғалиев:
— «Micromine» сынды нарықтағы беделді компаниялардың бірімен серіктестік орнатқанымызға қуаныштымыз. Аталған Меморандум аясында атқарылатын жұмыстар мен ұсыныстарыңызға өз тарапымыздан алғыс білдіреміз. Меморандум біздің серіктестігіміздің жақсы бастамасы. Ары қарай жол картасы мен серіктестік аясында жүзеге асырылатын іс-шараларды талқылайтын боламыз.
Тараптар теңдік, ізгі ниет, құрмет пен сенім негізінде ынтымақтастық орнатты. Білім мен ғылымдағы ақпараттық алмасу саласын дамыту өзара тиімділік негізінде жүзеге асырылады.Меморандум «Ұлттық геологиялық қызмет» пен «Micromine Орталық Азия» арасындағы ынтымақтастықты нығайтудағы маңызды қадамды, сондай-ақ, геология және онымен байланысты салалардағы білім мен ғылымды дамытуға ортақ қызығушылықты көрсетеді.