Жаңалықтар

Қазақстан мен АҚШ сирек металдар бойынша перспективалы аумақтарды зерттеуде ынтымақтасады

Қазақстанның Ұлттық геологиялық қызметі (UGQ) және ТауКен Самұрық АҚШ Мемлекеттік департаментімен серіктестікте металл өндіруге арналған перспективалы аумақтарды зерттеуде ынтымақтасады. Бүгін Астанада өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды.

Ынтымақтастықтың басты мақсаты Қазақстанның Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарында сирек металдарды өндіру үшін перспективалы аумақтарды зерттеу болып табылады. Бірлесіп жұмыс істеуге бағытталған ұйымдар аталған өңірлердегі сирек металдар ресурстарына ауқымды тәуелсіз бағалау жүргізбек. Бұған сынама алу, гидрологиялық және зертханалық талдаулар, ҚалбаНарым белдеуіндегі геохимиялық зерттеулер, сондай-ақ минералды ресурстардың қазақстандық секторын қаржылық талдау кіреді.

Меморандум АҚШ Мемлекеттік департаменті тарапынан геологиялық барлау жұмыстарын қаржыландыруда және техникалық сараптама көрсетуде қолдауды көздейді. Ынтымақтастықтың бірінші кезеңінде американдық серіктестер аумақты зерттеу жұмыстарын қаржыландыруды қамтамасыз етеді, ал UGQ қажетті геологиялық деректерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензиялар «ТауКен Самұрық «ҰТК» АҚ-ға тиесілі болады, бұл тараптар арасындағы тиімді өзара іс-қимылға ықпал етеді. Ынтымақтастық Қазақстанның жоғары сапалы активтерді қалыптастыру және елдің ресурстық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі 2018-2028 жылдарға арналған даму стратегиясын іске асырудағы маңызды қадам болатынына сенімдіміз.

Back to top button