Жаңалықтар

Академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына орай Қазақстан Республикасының стратиграфиялық және петрографиялық кодекстері жарыққа шықты

Академик Қаныш Сәтпаевтың 125 жылдығы мерейтойы аясында Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне қарасты Геология комитеті мен Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты  «Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті» КЕАҚ бірлесуімен тұңғыш рет еліміздің Петрографиялық және  Стратиграфикалық кодексі жарыққа шықты.

Қазақстан Республикасы Петрографиялық кодексі: геология саласының әлемдік қазіргі жетістіктері мен қалыптасқан дәстүрлерін ескере отырып құрастырылған. Бұл республиканың петрографиялық қызметінің жұмысын ұйымдастыруды және біріздендіруді қамтамасыз ететін, геологиялық жұмыстардың барлық түрлерін дұрыс жүргізуге ықпал ететін және геологиялық карталар мен құжаттардың сапасын арттыратын нормативтік геологиялық құжат. Аталған кодекс Халықаралық геология ғылымдары одағының ұсыныстарын ескере отырып  әлемдік тәжірибеге негізделген. Кодексте АҚШ пен Ұлыбритания елдерінің кодекс құрастыру тәжірибесі мен материалдары талданды.

Қазақстан Республикасы стратиграфиялық кодексі: геологияның қазіргі жетістіктерін және қалыптасқан дәстүрді ескере отырып жасалды. Ол республиканың стратиграфиялық қызметі жұмысын ұйымдастыруды және біріздендіруді қамтамасыз ететін, геологиялық жұмыстардың барлық түрлерін тиісінше жүргізуге ықпал ететін және геологиялық карталар мен құжаттардың сапасын арттыратын нормативтік геологиялық құжат болып табылады. Қазақстан геологиялық құрылысының ерекшеліктерін ескере отырып, ғылыми зерттеу және далалық геологиялық материалдарды пайдаланып жасалды. Қазақстан аумағында геологиялық жұмыстардың барлық түрлерін жүргізу кезінде терминдер мен аталымдардың мазмұнын айқындайтын бірыңғай қағидаларды қолдануды қамтамасыз етеді.

Қазақстан Республикасы аумағындағы барлық мекемелер геологиялық барлау жұмыстарының кез келген түрін жүргізген кезде осы петрографиялық және стратиграфиялық кодекстің талаптары қолданылады.

Back to top button