Жаңалықтар

Астанада Қазақстан мен АҚШ арасындағы Кеңейтілген стратегиялық әріптестік жөніндегі комиссияның бесінші мерейтойлық отырысы өтті

 Қазақстан мен АҚШ арасындағы Кеңейтілген стратегиялық әріптестік жөніндегі комиссияның бесінші мерейтойлық отырысы өтті. Қазақстан АҚШ-тың Орталық Азиядағы кеңейтілген стратегиялық әріптесі мәртебесіне ие жалғыз ел болып табылады.

Жыл сайынғы шолу іс-шарасы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаров пен оңтүстік және Орталық Азия істері жөніндегі Мемлекеттік хатшының көмекшісі Дональд Лу екі елдің мемлекеттік органдары мен ведомстволары өкілдерінің қатысуымен өткізілді. Геология комитетінен кеңеске «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ Басқарма Төрағасы Ерлан Ғалиев қатысып, Қазақстан мен АҚШ-тың сыни шикізат ресурстары нарығындағы байланыстары туралы баяндама жасады.

«Қазақстан өз жер қойнауының байлығы бойынша әлемдік көшбасшы елдер тобына кіреді. Қазақстанның минералдық-шикізат базасы отын-энергетика кешенінің (көмірсутектер, көмір, уран), қара, түсті, асыл, сирек металдардың, металл емес пайдалы қазбалардың, жер асты суларының және басқа да пайдалы қазбалардың кен орындарымен қалыптасты. Жалпы алғанда, мемлекеттік есепке алу пайдалы қазбалардың 103 түрі бойынша жүргізіледі. Бұл ретте Қазақстанда кен орындарын игеру АҚШ — тың аса маңызды шикізатының 14 түрі бойынша жүзеге асырылуда», — деп атап өтті Ерлан Ғалиев.

Тараптар екіжақты және өңірлік ынтымақтастықтың ағымдағы мәселелері бойынша өткен жылғы нәтижелі жұмыстың қорытындысын шығарды, сондай-ақ алдағы кезеңге арналған жоспарларды айқындады.

Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың қараша айында АҚШ-тың Геологиялық қызметімен өзара түсіністік туралы меморандум аясында Геология комитеті мен ҰГҚ қызметкерлері құрамынан делегацияға бару жоспарлануда.

Өз кезегінде Д. Лу ҚР Үкіметінің әлеуметтік-экономикалық даму, өңірлік қауіпсіздік және адам құқықтары саласындағы шараларын, сондай-ақ соңғы жылдары екіжақты және көпжақты тректе, оның ішінде БҰҰ және диалог алаңы шеңберінде екі ел арасындағы табысты кооперацияны жоғары бағалады..

 

Back to top button